12
Қателік
  • Материал табылмады
Бейсенбі, 17 Тамыз 2017 11:02

Құмырсқа мен шегіртке Таңдаулы

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(9 дауыс)

Баласын жем іздеуге баулып жүрген Құмырсқа пісіп тұрған бидайдың басын иіп алып жеп тұрған шегірткеге кез болды. Онымен:

— Ассалаумағалейкум, Шегіртке, — деп амандасты да: — Оу, Адамның маңдай терімен еңбек етіп пісірген бидайын сен қалай рахаттанып жеп тұрсың? — деп сұрады.

— Осыншама жерді алып жатқан бидайдың бір түйірін жесем Адамның несібесі кеми қоймас. Жылдағы әдетім осы, жаһанды жалпағымнан басып келем де бидайды жей берем. Бұдан кедей болып қалған Адамды көрген емеспін, оның көйлегі де көп, көңілі де тоқ,—деп жауап берді Шегіртке. Бастары жұлым-жұлым боп қалған бидайларға қарап тұрған Құмырсқаның көзіне анадайда бидайлардың парша- паршасын шығарып шашып ойнап келе жатқан Шегірткенің балалары түсті.

 

— Көрдің бе, балаларың да сен секілді өзгенің нәрсесін ұрлауға дағдыланып алыпты. Ертең олар да балаларын ұрлықа үйрететін болады. Ал, бірақ ұрлықтың жақсылық әкелетіні шамалы, — деп күрсінді. Құмырсқаның сөздеріне ашуы келген Шегіртке:

— Дайын астан аттап өтіп қайда барып жем іздеймін! — деп айқайлады да шырт етіп үшып кетті.

Қүмырсқа одан әрі жүре берді.

Сонда Құмырсқаның баласы:

— Апа, біз алыс-алыс жерлерге шаршап барып әкелетініміз біреуден қалған қалдық. Неге соншама жанымызды қинап бейнеттенеміз. Ал Шегіртке болса таза, жаңа піскен дәмді бидайды таңдап жеп жүр. Ол дұрыс істейді. Тойып алады да қыдырып жүре береді. Ал екеуміз таңның атысынан күннің батысына дейін азық іздеумен боламыз. Сондағы табатынымыз мардымсыз бірдеңелер. Біз де бидайдан бірнешеуін алып алайық,—деді.

— Балам, әлі-ақ Шегірткенің ісінің дұрыс еместігіне көзің жететін болады, — деді Құмырсқа.

Жүре-жүре жүгері алқабының шетіне шыққан олар шашылып қалған нанның қиқымын көрді. Шамасы осы жерде отырып біреу нан мен сусын ішкен секілді.

Балам, мінекей, мынау нан. Ас патшасы,

деді Құмырсқа қиқымдардың ішінен ең ірісін таңдап алып жатып, — бұл әлгі Шегіртке жеп тұрған бидайдан жасалады. Адамдар өте еңбекшіл халық. Олар бидайды сол күйінде жемей, оны өндеп осындай тәтті тағам жасайды.

Аң-таң қалған баласы қиқымның бір түйірін аузына салып көріп:

— Иә, шынымен де бал татиды, — деп тамсанды.

— Әлің жеткенше арқалап ал. Енді бұл қиқымдарды бізден басқа ешкім керек етпейді, сондықтан еш қысылмай ала беруге болады, — деген анасы алдыға түсіп жүріп кетті.

Бұлар бидайдың ортасымен жүріп отырып бағанағы Шегірткемен кездескен жерге де жетті. Бір кезде Құмырсқаның құлағы ыңырсыған әлсіз дауысты шалып қалды. Жалма-жан арқасындағы азығын тастай салып, дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнелді. Баласы да ілесе берді. Қараса Шегіртке аяқтары әлсіз қимылдап, өлгелі жатыр екен. Құмырсқаның тер басып кеткен бет аузын көрген ол:

— Досым, сен дұрыс айтасың. Адамдар бидайларға у сеуіп тастапты. Қиналмаймын, оңай олжа табамын деп жүріп міне ажалымнан бұрын өлейін деп жатырмын. Егер сен секілді еңбектенгенімде бұлай ерте өлмес пе едім кім білген, — деп көзіне жас алды. — Еңбектенейін десем осы еңбектің жемісін көретініме сенбедім ғой. Ауыр жұмыстан қашып осы кезге дейін өмір сүрдім. Енді анау балаларыма өсиетімді айта алмай бара жатырмын. Олар да мен секілді өмірлерін құр босқа өткізетін болды, — деп өкінген Шегіртке көз жұмды.

— Көрдің бе, балам, әлгінде сен де осы бидайдан ұрлап алмақшы болып едің. Ұрлық түбі қорлық екеніне енді көзің жеткен болар,

деді анасы баласының жүзіне бағдарлай қарап, — Егер бойыңда сенім болса ауыр бейнеттің өзі бақыт болып көрінеді,—деді.

— Түсіндім, түсіндім, — деген бала анасының алдына түсіп, иығындағы ауыр жүгін мақтанышпен көтеріп томпаңдап кетіп баражатты.

Әдина Әбдібайқызы

 
 

 

Оқылды: 2152 рет

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Danishpan сайты (admin)

Осы категориядағы басқа материалдар: Байланыс »