Қателік
  • Материал табылмады

Шәуілдір атауы қалай шықты? Таңдаулы

Материалға баға беріңіз
(1 Дауыс беру)

Ертеде Бұзық қаласын (қазіргі Темір ақ қорға, Бозықтөбе) Мұрындық атты хан билепті. Ол өте  қатал, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей жан екен. Бірде қаладағы Беген өзенінен су тартылып,  қала тұрғындары бір тамшы суға зар болыпты. Сол кезде Мұрындық хан: «Кімде-кім қалаға су  жеткізетін болса, соған қызымды беремін», — деп жар салыпты.

Мұрындықтың Дүрия есімді айдай сұлу қызы бар екен.

Көркіне ақылы сай Дүриядан қаланың бар кәрі-жасы тегіс үміткер болып, олар қалаға су әкелу  жұмысына бар ынтасымен жұмылыпты. Алайда су жеткізу ешқайсысының қолынан кел- месе  керек. Сол ауылда Мұрындықтың жылқысын бағатын Шэміл есімді көрікті, батыр тұлғалы жігіт  бар екен.

Шэміл мен Дүрия бір-бірін өте жақсы көріпті. Бірақ сезімдерін жария етуге бірінің кедей жігіт, екіншісінің бай қызы екендігі бөгет болыпты. Расында, тігерге тұяғы жоқ, сіңірі шыққан кедейге қай бай қызын берсін. Осыдан барып Дүрия әкесіне Шәмілді ұнататынын айтуға аузы бармайды. Айтқан жағдайда, сүйген жігітінің мойнына қыл арқан түсетіні анық. Ханның қалаға су әкелу туралы жарлығын естігенде, Шәміл қатты қуанады. «Дүрияға қосылудың бірден- бір жолы осы» деп ойлайды. Ол үлкен кетпен жасатыпты. Арыс өзенінің жағасына келіп, тездетіп іске кіріседі.

 Күн-түн демей арық қазады. Тек бір өкініштісі, он бес шақырымдай жүргенде кетпен бір қатты затқа соғылып, сабы сынып кетеді. Кетпеннің сабы тораңғыл ағашынан жасалған екен. Ызаланған Шәміл сынған сапты бес бөліп, лақтырып жіберсе, ол бес таяқша болып жерге шаншыла түседі де, біраз уақыт өткесін, көктеп шығады. Кейін сол жерде бес ағаш өсіп тұрады. Содан халық ол жерді «Бестораңғыл» деп атап кетеді. Шәміл кетпенін қайта саптап, жұмысын жалғастыра береді. Отыз шақырымдай арық қазып, Бұзық қаласына су алып барады. Шөліркеген халық суға қанып, шаттыққа бөленеді.

Алайда Мұрындық хан өзінің уәдесін орындамайды. Қызын алып, Отырар қаласына қарай қашады. Бірақ оны Шәміл Отырарға жеткізбей, қуып жетіп, Дүрияны күшпен тартып алады. Содан кеткен екі жас ну орманды паналап, күн кешеді. Аң аулап, жеміс- жидекті қорек етеді. Мұны естіген хан ашуға мініп, арттарынан әскерін жіберіп, екеуін табанда өлтіртеді. Міне, осы екі ғашық паналаған жерді жұрт «Шәміл мен Дүрияның ауылы» деп атап кетіпті. Уақыт өте келе бұл атау қысқартылып «Шәмілдүр», артынан дыбыстық өзгерістерге ұшырап «Шәуілдір» атанған деген сөз бар.

Оқылды: 165099 рет

Келесі автордың соңғы жариялағандары: